БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ: АХҚО және ХТО сотында электрондық сот төрелігі жүйесін іске қосу

Бүгін АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы («ХТО») Астанада Орталық Азия аймағы үшін бірінші болып табылатын «eJustice» электрондық сот төрелігінің жаңа жүйесін ресми түрде іске қосты. Жүйе АХҚО және ХТО соты өзінің IT-әріптесі, CrimsonLogic сингапурлық компаниясымен бірлесіп әзірленді.

eJustice - бұл онлайн-портал, ол тараптарға АХҚО және ХТО сотына электрондық түрде әлемнің кез келген нүктесінен Астанада физикалық қатысу қажеттілігінсіз талап-арыз беруге мүмкіндік береді. Портал заң құжаттарын электрондық өңдеу және сот ісін жүргізуді әкімшілендірудің барлық үдерісін басқаруға көмек көрсетеді.

Ол бірінші кезекте заңды және іскер топтар үшін АХҚО мен ХТО сотында қолайлылық пен қол жетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ, портал төрешілер мен судьяларға қолдау көрсетеді, ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес коммерциялық дауларды тез әрі үнемді шешуді қамтамасыз ете отырып, іс жүргізу мәселелерін шешуге көмектеседі.

Астанада өткен таныстырылымда eJustice электронды сот төрелігі жүйесі жүзден астам Қазақстандық заңгерлер, дипломаттар, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жоғары лауазымды өкілдеріне көрсетілді. Сондай-ақ жүйенің жеке тұсаукесері 27 ақпан күні Алматы қаласында өтеді.

eJustice электрондық сот төрелігі жүйесінің жобасы Қазақстан, Орталық Азия заңгерлерін, сондай-ақ жүйені тестілеу және оның болашақ пайдаланушыларынан түсініктемелер алу үшін халықаралық заң және іскер орталарды тарту арқылы аяқталды.

2019 жылғы 18-22 ақпан аралығында Астана мен Алматыда 35-тен астам Қазақстандық заңгерлер eJustice жүйесі бойынша тереңдетілген оқытудан өтті. Оқытудын мақсаты АХҚО соты мен ХТО-ның болашақ пайдаланушыларын өз клиенттерінің мүддесі үшін жүйені барынша пайдалануға дайындау болды. Одан әрі оқыту тұрақты негізде жүргізіледі.

АХҚО сотының төрағасы Лорд Вульф былай деді:

«АХҚО және ХТО соты инновациялық және технологиялық жағынан ілгері болуға ұмтылады. Біз үшін маңызды міндеттердің бірі географиялық кедергілерді еңсеріп, сот төрелігіне қолжетімділікті барынша кеңейте алатын электрондық сот ісін жүргізу жүйесін әзірлеу болды. eJustice электрондық сот өндірісі жүйесін енгізу АХҚО және ХТО соты үшін елеулі жетістік болып табылады және көптеген жылдар бойы осы жүйелердің пайдаланушылары үшін қызмет ететін болады».

Тіркеуші және АХҚО және ХТО сот аппаратының басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт Мырза, түсініктеме берді:

«Біз АХҚО және ХТО сотында дауларды уақтылы және экономикалық тиімді шешуді айтарлықтай жақсартатын eJustice электронды сот төрелігі жүйесін ұсынуға қуаныштымыз. Біз дауларды шешудің ең озық халықаралық стандарттарын енгізуге тырысамыз және eJustice жүйесі - АХҚО мен ХТО сотына Еуразиялық аймақта азаматтық және коммерциялық дауларды шешудің таңдаудың бірінші нөмірі болуға мүмкіндік беретін біздің соңғы жаңалығымыз».

Сингапурлық CrimsonLogic компаниясының бас директоры Со Кен Йи мырзаның айтуынша, eJustice жүйесі Chrysalis әлемдік кластағы заңды өнімін, бүкіл әлемдегі жетекші елдер пайдаланатын стандартты емес функционалдық мүмкіндіктері мен сипаттамалары бар тексерілген қосымшаны пайдалана отырып құрылған.

«Жүйені рекордтық мерзімде енгізу АХҚО-ның CrimsonLogic компаниясымен тамаша ынтымақтастығының дәлелі болып табылады. Біз АХҚО сот ісін жүргізуді жаңғырту жөніндегі бастамасының бір бөлігі болуға өте қуаныштымыз және жаңа жүйе пайдалануға ыңғайлы әрі оңай болатынына сенімдіміз»,-деп қосты Со Кен Йи мырза.

Анықтамалық ақпарат:

АХҚО. 2015 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО мақсаты халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру болып табылады. Постсоветтік кеңістікте алғаш рет ағылшын құқығы қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі ағылшын тілі болады.

АХҚО-ның міндеттері қаржы қызметтері саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру жолымен ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу; Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен бірігуін қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниетті.www.aifc.kz

АХҚО соты (AIFC Court) тәуелсіз орган болып табылады және Англия мен Уэльстің жалпы құқығы қағидаттарына және жетекші халықаралық қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген.

АХҚО соты өз қызметінде тәуелсіз.

АХҚО соты бірінші сатыдағы соттан және апелляциялық соттан тұрады. Күрделігі мен сомасы бойынша болмашы дауларды жедел шешуді қамтамасыз ету үшін бірінші сатыдағы сотқа болмашы даулар соты кіреді.

АХҚО соты әкімшілік және қылмыстық сот ісін жүргізуді жүзеге асырмайды және қатысушылар, АХҚО органдары арасындағы дауларды және АХҚО құқығына сәйкес АХҚО-да жүзеге асырылған операциялар бойынша дауларды шешуді қамтамасыз ету үшін айрықша юрисдикциясына ие. Сонымен қатар, АХҚО соты тараптардың келісімі бойынша АХҚО сотына берілген дауларды қарай алады. www.aifc-court.kz

АХҚО халықаралық төрелік орталығы (AIFC International Arbitration Centre) тәуелсіз орган болып табылад ыжәне Англия мен Уэльстің жалпы құқық қағидаттарына және жетекші халықаралық қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген.

ХТО төрешілерінің құрамына жер қойнауын пайдалану, сауда, мұнай-газ секторы, құрылыс, энергетика, Ислам қаржылары, банкинг, зияткерлік құқық және коммерциялық және азаматтық құқықтың басқа да салалары бойынша көп жылдық тәжірибесі бар жетекші халықаралық төрешілер кіреді. www.aifc-iac.kz

   CrimsonLogic компаниясы бүкіл әлемдегі үкіметтер мен компаниялар үшін сенімді серіктес болып табылады. 30 жылдан астам уақыт бойы CrimsonLogic компаниясы тапсырыс берушілермен сауда, электрондық сот ісін жүргізу және сандық үкімет саласында әлемдік деңгейдегі инновациялық шешімдерді, өнімдер мен қызметтерді енгізу үшін ынтымақтасады, тапсырыс берушілердің үкіметтерге, бизнес пен қоғамдастықтарға сөзсіз оң нәтижелер беретін маңызды өзгерістерді іске асыру үшін мүмкіндіктер жасайды.

Қаз
Eng Рус